Куәгерлердің сөзінше, иттің иесіне сол маңдағы адамдар ескерту де жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Видеодан ер адамның тазы тұқымдас итті мойнынан және алдыңғы екі аяғынан жаттығатын темірге шынжырмен байлағанын байқау қиын емес. Ал өзі жаттығу жасауға кетіп қалғаны айтылады.
Иттің қожайынына ескерту жасалғанымен, ол ашуға ерік беріп, жануарын осылай созып жатқанын жеткізген.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары оның бұл іс-әрекетіне наразы. Тіпті, иттің иесін жауапқа тартуды да талап етіп жатыр.
Кейбірі "Жан-жануарларды қорлаған адамдарға қатаң шара қолданатын заң шығару керек" десе, енді бірі "Өзін солай байлап қойса обал жоқ" дескен. "Итті қорлағаны үшін иесін жауапқа тарту керек" деп жазғандар да бар.
Алматы полиция департаменті аталған жайтқа қатысты тергеу жүргізілгенін мәлімдеген.
– Тергеу нәтижесінде ер адамға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шара қолданылды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп жазылған хабарламада.