Өзін-өзі еңбекпен қамтығандар саны 2,9%-ға өсті

736

Елімізде 223,5 мың адам жұмыссыздар қатарында.

Өзін-өзі еңбекпен қамтығандар саны 2,9%-ға өсті

2021 жылдың II тоқсанында еліміздің еңбек нарығы қалпына келе бастады. Жұмыспен қамту қарқын алып, азаматтар өз бизнестерін белсенді дамытуда, деп хабарлайды inbusiness.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Осылайша, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2,9%-ға (+60,2 мың адам), ал жалдамалы қызметкерлер саны 0,6%-ға (+41,1 мың адам) өсті.

Жұмыс күшінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 256,4 мың адамды құрап, 98,7 мың адамға (+1,1%) ұлғайды.

Осындай жағдайды жұмыспен қамтылған халықтың серпінінен де байқауға болады, олардың саны бір жылда 101,3 мың адамға (+1,2%) 8 805 мың адамға дейін өсті. Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандардың құрылымында жалдамалы еңбекке қарағанда өзін-өзі жұмыспен қамтудың айтарлықтай өсуі байқалады. 

Биылғы жылдың 2-тоқсанында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,9% - ға немесе 60,2 мың адамға артты, ал жалдамалы жұмыскерлердің саны 0,6% - ға немесе 41,1 мың адамға ұлғайды.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтудың өсіп келе жатқан трендімен қатар жалдамалы қызметкерлердің құрылымдық құрамы да өзгеруде, онда жалдамалы еңбек сипаттамаларының корпоративтік жұмыспен қамтудан ауытқу жағына қарай өзгеру үрдісі байқалады. Бұл әсіресе жылдық динамикада байқалады. Мысалы, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ұйымдардағы жалдамалы жұмыспен қамту (барлық жалдамалы еңбектің 87%-ы) 0,4% - ға (-23,4 мың адам) қысқарды, бұл ретте азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде жалдау айтарлықтай ұлғайды (+60,1%). Қазір келісімшарт бойынша 56,9 мың адам жұмыспен қамтылған", – деп атап өтті Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.

Өткен тоқсанмен салыстырғанда қашықтықтан жұмыс істейтіндердің саны 75,2 мың адамға дейін 2% - ға артты. Олардың көпшілігі әйелдер (65%) және қала тұрғындары (64%) болып табылады, алайда, үлестік бөлініс өзгеру тенденциясын көрсетеді, онда ер адамдар 5% – ға, ал ауыл тұрғындары 6% - ға көп болды.

"Мамандар енді бір жұмыс орны мен жұмыс берушіге физикалық және географиялық тұрғыдан "байланғанын" қаламайды. Компаниялар белгілі бір тапсырманы орындау үшін қажетті дағдылар мен біліктілікке ие "өзгеретін" персоналдың болуынан пайда көреді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін басты артықшылық -  бұл жұмыс орындарын ұйымдастыру қажеттілігінің жоқтығынан, еңбек шартында қарастырылған демалыс, аурухана және басқа да әлеуметтік кепілдіктерді төлеуден болатын шығындарды азайту", – деп атап өтті Александра Молчановская.

Сонымен қатар экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде қалпына келу, яғни тоқсан ішінде жұмыспен қамтудың ең көп ұлғаюы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету саласында (+3,3% немесе 2,8 мың адам), ауыл шаруашылығында (+2,1% немесе 23,9 мың адам), өңдеу өнеркәсібінде және қаржы және сақтандыру саласында (тиісінше 1,8% - дан немесе 10,3 мың адам және 3,2 мың адам) қалыптасты.

"Сондай-ақ, өнер мен ойын-сауық саласы бір жыл ішінде алғаш рет қарқын алып келе жатқанын, бірақ әлі күнге дейін бұрынғы көрсеткіштерге оралмағанын атап өткен жөн. Жұмыспен қамту өсімі өткен тоқсанмен салыстырғанда 1,8% немесе 2,4 мың адамды құрады, бірақ өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға немесе 1,6 мың адамға кем", – деп түйіндеді Александра Молчановская.

Айта кететіні жұмыспен қамту органдарында есепте тұрған жұмыссыздар саны 2021 жылғы шілде айының соңында 223,5 мың адамды құрады, ал жалпы республика бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,4%-ға тең. Тіркелген жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Түркістан (5%), Атырау (4%) және Батыс Қазақстан (4,6%) облыстарында. Бұл ретте биылғы жылдың 7 айында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы және Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылған азаматтардың саны 400 мыңнан астам адамды құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу