Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді салық органы тексереді

99

Бұл туралы Uchet.kz порталы жазды.    

Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді салық органы тексереді Фото: sotreport.kz

Қазақстанда кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерін өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелуге мәжбүрлеп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекеттік кірістер комитеті арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, комитет қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде тіркелген адамдардың арасында шын мәнінде жұмыс берушімен еңбек қатынасында болуы мүмкін жағдайларды тексеріп жатыр.

"Мәселе адамның кімге қызмет көрсетіп отырғанында. Егер адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелгенімен, қызметін тек бір жұмыс берушіге көрсетсе, сол жерде тұрақты жұмыс істесе немесе еңбек қатынастарына ұқсас байланыс болса, онда бұл жағдайға қатысты сұрақтар туындауы мүмкін", – дейді Ерқанат Шынберген.

2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен бастап елде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны айтарлықтай көбейген. Осыған байланысты салықшылар салық режимін дұрыс қолданбай отырғандарды тексеруді бастады.

Ведомствоның мәліметінше, кейбір компаниялар қызметкерлерін штаттан шығарып, кейін оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркетіп, сол бұрынғы жұмыс орнында қызметін жалғастыра береді. Осылайша компаниялар еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесін азайтуы мүмкін.

Жаңа салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимдері қысқартылды:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
  • оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
  • шаруа және фермер қожалықтары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді мына талаптарға сай келетіндер ғана пайдалана алады:

  1. жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болуы керек;
  2. жалдамалы қызметкерлері болмауы тиіс;
  3. айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы керек (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге);
  4. Үкімет рұқсат берген қызмет түрлерімен ғана айналысуы қажет.

Айта кетейік, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жеке табыс салығын төлемейді, тек табысының 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер аударады. Оның құрамына зейнетақы, медициналық және әлеуметтік аударымдар кіреді.

Жүргізіліп жатқан талдау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті салық режимдерін қолдану кезіндегі бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар дайындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу