Пайшылар пайдасыз қалмайды: "Зеренді-Астық" неге аяққа тұра алмай жүр?

211

Қазақстан астық консорциумы құрамына қанша шаруашылық кіреді?

Пайшылар пайдасыз қалмайды: "Зеренді-Астық" неге аяққа тұра алмай жүр? Фото: slovoidilo.ua

Елімізде жиын-терім науқаны аяқталып, астық жинаумен айналысатын кәсіпорындар табыстарын түгендей бастады. Олардың қатарында "Қазақстан астық консорциумы" мекемесіне қарасты "Зеренді-Астық" ЖШС де бар. Аталған серіктестік биыл рекордтық көлемде астық жинағанымен, әлі де болсын дамудың тетіктерін реттей алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Банк һәм банкрот

Баспасөз мәжілісі барысында кәсіпорын басшылығы журналистердің сауалдарына жауап беріп, мәселелерімен бөлісті.

"Қазақстан астық консорциумы" ЖШС бас директоры Бақтияр Оспановтың айтуынша, биыл "Зеренді-Астық" ЖШС мол өнім жинаған. Консорциум аталған серіктестікке инвестор болғаннан бері тұңғыш рет рекордтық көлемде астық қамбаға құйылыпты.

Естеріңізге салсақ, "Қазақстан астық консорциумы" 2021 жылы "Зеренді-Астық" серіктестігінің қарыздарын өтеп, жұмысын жандандыруға бел буған еді. Себебі, бұрынғы акционердің кезінде компания құлдырап, түрлі банктерге қарыздар болатын.

– "Зеренді-астықтың" өзі Проблемалық кредиттер қорына кепілге берілген. Компания банкрот болудың алдында тұрған еді. Біз инвестор ретінде келу арқылы кепілде тұрған жерлердің сатылып кетпеуіне көмектестік. Әрине, мемлекет бізге компанияның барлық қарызын өтеу міндетін қойды. Қазір бұл мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз, – деді Бақтияр Оспанов.

Проблемаға тоқталсақ, "Зеренді-Астық" ЖШС құрамына кіретін пайшылардың заңсыз жолмен хаттама жасау арқылы серіктестіктен шығуы компанияның дамуына үлкен кедергі келтіріп отырған көрінеді. Бұрын 36 мың гектар жерге ие болған серіктестік бүгінде 18 мыңға жуық гектардан айырылған. Сәйкесінше, жерлер басқа компаниялардың иелігіне өтіп кеткен.

"Біз инвестор ретінде өте қиын жағдайда қалып отырмыз. Бұрынғы акционердің қарызы толық өтеу міндетін мойнымызға алдық. Алайда, егін егетін жер көлемі айтарлықтай азайып кетті. Қазір серіктестік пен пайшылар арасында ұзаққа созылған сот процесі жүріп жатыр. Аталған хаттамалардың жалған екенін растайтын сот шешімдері шықты. Дегенмен, қазір бізге шартты түрде пайшылармен бейбіт келісімге келу үшін уақыт беріліп отыр. Осыған орай, біз пайшыларды серіктестікке қайта оралуға, бірге жұмыс істеуге, сәйкесінше дивидендтерін алуға шақырамыз", – деді Б. Оспанов.

Пайшылар қайта орала ма?

"Зеренді-Астық" ЖШС басшылығының мәліметінше, серіктестік құрамынан шығып кеткен шамамен 70 пайшы 2023 жылы қайта оралған. Бүгінде тағы 30-дан астам пайшы қайта серіктестік құрамына өту бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

 Бақтияр Оспанов пайшыларға төленетін дивиденд мөлшері де ұлғайғанын еске салды. Егер "Қазэкспортастық" компаниясы инвестор болған тұста пайшылар өнімнің 5 пайызы мөлшерінде төлемақы алса, бүгінде ол 7,5 пайызға тең.

Қазақстан астық консорциумы құрамына 23 шаруашылық кіреді екен. Компания басшылығы техника паркін жаңғырту мәлесі әлі күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Мәселен, биыл 43 жаңа комбайн сатып алынса, 2025 жылғы көктемде ауыл шаруашылығы техникаларының қатары 32 егін егу кешенімен толығады деп күтілуде.

Компания әлеуметтік жауапкершілік аясында жыл сайын ауылдар арасындағы жолды қардан тазалау жұмыстарын өз күшімен жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Сондай-ақ, "Зеренді-Астық" ЖШС пайшылары тұратын, еңбек ететін ауылдарда мәдениет үйін, медициналық пунктін жөндеу жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. 

 

"Өкінішке қарай, биылға дейін "Зеренді-Астық" ЖШС көрсеткіштері төмен болды. Оған қоса, пайшылардың серіктестіктен кетуі компанияның жоғары дамуына мүмкіндік бермей келді. Соған қарамастан, компания әлеуметтік жауапкершілік аясындағы өз міндеттемелерін орындап келеді. Біз тек төртінші жыл дегенде серіктестік табысқа шығады деп болжап отырмыз. Табыстың артуына қарай облыста әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды көбірек орындауға күш саламыз", – деді Бақтияр Оспанов.

Оралхан ҚОЖАНОВ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу