"Пәк қыздар тізімі": Саясат Нұрбек қателік кімнен кеткенін айтты

1080

Сөзінше, екі тарапта да қателік бар.

"Пәк қыздар тізімі": Саясат Нұрбек қателік кімнен кеткенін айтты Фото: ortcom_kz

ҚазҰУ-дегі студент қыздардың жеке дерегінің таралып кетуіне байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство басшысы бұл жағдай қалай болғанын айтып берді.

"Шын мәнінде медициналық орталық қызметкері құпия деректерді жариялауға қатысты қателік жіберді. Физика-математика факультетінде міндетті флюорографиялық тексеруден өтпеген студенттер болды. Медициналық орталық қызметкері флюорографиялық тексеруден өтпеген білім алушылардың тізімін жіберген, бұл ретте ол қосымша ақпарат көрсетілген жолдарды өшірмеген. Яғни маман тексерістен өтпеген студенттердің тізімін ғана жіберуі керек еді. Деканат қызметкері де жіті мән бермеген немесе тізімдегі артық деректерді өшіруді қажет деп таппаған", - деді министр.

Сөзінше, деканат қызметкері қолына түскен тізімді кураторларға жолдаған. 

"Негізі тізімде аталған студенттер гинеколог дәрігердің тексерісінен өткен, ал жартысы өтпеген. Яғни мұнда студент қыздардың пәктігін анықтау мәселесі болмаған. Бұл гинекологтың қабылдауынан өтудің қалыпты рәсімі ғана болды, осыны олар медициналық нысанда көрсеткен. Бұл жағдайда екі тараптан да қате кетіп отыр. Біріншіден, медициналық орталық осындай толық ақпарат қамтылған деректерді жібермеуі керек еді, ал деканат ақпаратты жібермес бұрын алдымен тексеріп алуы қажет болатын", - деді Саясат Нұрбек.

Ведомство басшысы қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын баса айтты. Оның нәтижесі бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады.

"Бұл "пәк қыздардың тізімі" емес. Бұл гинеколог дәрігердің қабылдауында болған және болмағандардың тізімі", - деп толықтырды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу