Бұл туралы Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифтің төрағалығымен өткен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Исламабад 1960 жылы қол қойылған Инда суын бөлу туралы келісімнің маңызын атап өтіп, Үндістанның оны біржақты тоқтатуын қатаң сынға алды. Пәкістан бұл келісімді аймақтық тұрақтылықтың кепілі деп санайды және өз су құқығын қорғауға дайын екенін білдірді.
— Пәкістанның үлесіне тиесілі суды тоқтату немесе бағыттау – бұл соғысқа тең әрекет, — делінген Пәкістан үкіметінің мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Пәкістан Үндістанмен қарым-қатынасты шектеуге кірісті: 30 сәуірден бастап Исламабадтағы үнді дипломаттарының саны 30 адаммен шектеледі, үнділік әуе кемелеріне әуе кеңістігі жабылады, сауда байланыстары тоқтатылады және "Вагах" шекара өткелі де жабылмақ.
Джамму мен Кашмирдегі шабуыл
Үндістанның Джамму мен Кашмир аймағында қарулы топ туристерге шабуыл жасап, салдарынан 26 адам қаза тапты. Көптеген адам жарақаттанды. Бұл шабуылды "Қарсылық майданы" атты топ өз мойнына алды. Аталған топ Пәкістанда тыйым салынған "Лашкар-и-Тайиба" ұйымымен байланысты деп күдікке ілінді.
Осыдан кейін Нью-Дели Исламабадпен жасалған су келісімін тоқтататынын жариялап, пәкістандық кеңесшілердің елден кетуін талап етті. Сонымен қатар пәкістандықтарға берілген визалар да жойылды.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айтып, көңіл айту жеделхатын жолдады. Ал БҰҰ Бас хатшысы бұл шабуылды қатаң айыптады.