Сапар барысында Ерлан Қошанов Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашрафпен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері әріптесін Пәкістан Тәуелсіздігінің және Парламентінің 75 жылдығымен құттықтады. Бауырлас елге бақ-береке тілеп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.
"Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынтымақтастық орнатып, біраз табысқа қол жеткізді",– деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде, Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашраф парламенттік дипломатияның маңыздылығына тоқталды.
"Парламентаралық ықпалдастық жалғаса береді. Біздің әлеуетіміз зор. Энергетика, қауіпсіздік, азық-түлік, әскери саладағы әріптестікті дамыта аламыз. Сонымен бірге бауырлас халықтарымыздың достығын нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз – Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту", – деді Первез Ашраф.
Қазіргі уақытта екі ел парламенттерінің байланысы жан-жақты дамып келе жатыр. "Қазақстан-Пәкістан" достық тобы табысты қызмет етуде. Бүгін екі ел депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған осы топтың алғашқы отырысына қатысты. Басқосуда достық топтар мен комитеттерзаңнама саласында тәжірибе алмасу жөнінде келісті.
Сапар аясында Ерлан Қошанов Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Онда Мәжіліс төрағасы Пәкістан Премьер-министріне Қазақстан Президентінің ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізді.
"Сіздің Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа уақыттың ішінде екі рет кездесуіңіз елдеріміздің достығын тереңдетіп, байланысымызды арттыра түсуде. Осындай жоғары деңгейдегі қатынастарымыздың жалғасы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Исламабадқа ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар достас елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамуына зор серпін беретініне сенімдімін", – деді Мәжіліс спикері.