Пәкістанда пластик пакеттерді қолдануға тыйым салынды

1013

Себебі оларды қайта өңдейтін кәсіпорын жоқ. 

Пәкістанда пластик пакеттерді қолдануға тыйым салынды

Пәкістан астанасы Исламабад пен қала маңындағы елдімекендерде пластик пакеттерге тыйым салынды. Жергілікті билік жаңа ережені қоршаған ортаны жүздеген жылға дейін шірімейтін заттардан тазарту мақсатында қабылдап отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, бұл елдің халқы жыл сайын 55 миллиардтан астам пакет қолданатын көрінеді. Кей жылдары бұл көрсеткіш 112 миллиардқа дейін жеткен. Бұл мәселе Пәкістанды көптен бері алаңдатып келеді. Өйткені қолданылатын пластик саны жыл сайын өсуде. Ал оларды қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. 

Пәкістандық провинцияларда соңғы он жылда полиэтиленнен жасалған пакеттерге бірнеше рет тыйым салынған болатын. Дегенмен одан еш нәтиже шықпады. Өйткені елде қоршаған ортаға зиянсыз әрі табиғи ортада шіритін пакеттер сатылмаған, сондай-ақ полицейлер тыйымның орындалуын жеткілікті түрде қадағалай алмаған. Енді жаңа реформа бойынша, пластик пакетті қолданған тұрғынға 70 доллар көлемінде айыппұл салынады.  

Пәкістанның климат мәселесі бойынша министрілігі өкілінің айтуынша, полиэтиленнен жасалған пакеттерді тек ауруханаларда қолдануға рұқсат етіліп отыр. Бірақ медициналық мекеме оларды қайта өңдеу туралы құжатты министрлікке тапсыруға тиіс. 

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу