Палестина Президенті Махмуд Аббас Астанада өтіп жатқан АӨСШК VI саммитінде Палестина мен Израиль арасындағы мәселені көтерді, деп жазады inbusiness.kz.
"Біз Палестина мемлекеті ретінде Палестина жерлерінің израильдік басқыншылықтан арылып, 1967 жылғы шекараға сәйкес Шығыс Иерусалим қаласын астана ретінде қалпына келтіруге тырысудамыз. Бұл мақсатқа саяси және дипломатиялық құралдар, халықаралық құқықты құрметтеу арқылы қол жеткізетінімізге сенеміз. Біз ұстанымдарын құрметтейтін барлық елдің Палестина халқының бостандық пен тәуелсіздікке жету жолында қолдау көрсететініне сенеміз", – деді ол.
Палестина Президентінің айтуынша, бүгінде Израиль келісімді бұзып, басқыншылық әрекеттерін жалғастырып отыр.
"Біз бұл жағдайды қабылдамаймыз. Израильмен жасалған келісімдерге берік бола отырып, бұл елмен қарым-қатынасымызды толығымен қайта қарауға дайынбыз. Палестина халқына қарсы бағытталған қырғын мен қиратулар үшін кешірім мен өтемақы талап етеміз", – деді Махмуд Аббас.
Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Президентімен кездескенін жазған болатынбыз.