Палестина өзінің тәуелсіз мемлекетін құруға құқылы – Шавкат Мирзиёев

2474

Түркі елдері орналасқан өңірдің экономикалық мүмкіндіктері орасан зор. 

Палестина өзінің тәуелсіз мемлекетін құруға құқылы – Шавкат Мирзиёев Фото: aqorda.kz

Бұл туралы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің ұйымының мерейтойлық саммитінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, бүгінгі саммитті жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаныңыз үшін үлкен рахмет. Ұлы бабамыз Билга Хокон сөзін айтқым келіп отыр. Ол түркі мемлекетінің негізін салушыларының бірі. "Менің түркі халықтарым, өзіңнің тамырларыңа қайт. Өзіңді біл және сол арқылы сен жоғарыға самғайсың" дейді. Бұл дана сөздер қазіргі әлемде өте маңызды рөл атқарады", - деді Өзбекстан басшысы.

Оның сөзінше, Түркі мемлекеттерінің ұйымы қазір өзінің белсенділігін арттырып келеді.

Шавкат Мирзиёев Түркия Республикасының халқын 100 жылдық  Республика күнімен де құттықтады. Сонымен қатар Әзербайжан халқын аумақтық тұтастығын қалпына келтіруімен құттықтады.

"Бауырлас Әзербайжан халқы түркі әлемде лайықты құрметке ие. Соңғы жылдары Ильхам Әлиевтің бастамасымен орасан жетістіктерге жетіп жатыр. Тарихи әділеттілік орнады. Соның арқасында Қарабақ Әзербайжан елінің бір бөлігі болды. Шушаға барған кезімде жасалып жатқан орасан жұмыстардың куәгері болдым. Оның ішінде инфрақұрылымдық, мәдени нысандардың қайта қалпына келуін айтсақ болады. Әзербайжан тарапын толыққанды аумақтық тұтастығын қалпына келтіруімен құттықтағым келеді", - деп атап өтті ол.

Өзбекстан басшысы Түркі мемлекеттері орналасқан өңірдің экономикалық мүмкіндіктері орасан зор екенін баса айтты. Ол Таяу Шығыстағы қақтығыс мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

"Біз халықаралық деңгейде ушығып жатқан жаһандық дағдарыстарға куәгер болып жатырмыз. Бізді тағы да бір алаңдататын мәселе – жалғасып жатқан Таяу Шығыстағы Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс. Әскери қақтығыс нәтижесінде бейбіт халықтардың арасында көптеген адамның, оның ішінде әйелдердің, балалардың қаза болуына алып келе жатыр. Сонымен қатар бұл қақтығыстың одан әрі ушығуы қауіп-қатері пайда болды. Осы кезекте барлық тарапты қақтығысты, атысты тоқтатуға, гуманитарлық мақсаттарды іске асыру үшін бейбітшілік орнатуға шақырамыз. Палестина да өзінің тәуелсіз мемлекетін қалыптастыруға құқылы. Ұйымымыздың аясында біз бүкіл әлемге өзіміздің бірлескен қағидатымызды, ұстанымымызды көрсетуіміз қажет", - деп атап өтті  Мирзиёев.

Айта кету керек, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу