Палестина президенті жаңа министрлер кабинетін бекітті

337

Жаңа үкімет Газа секторындағы және Батыс жағалаудағы қаржылық жағдай мен экономикалық салдарды тұрақтандыруға күш салмақ.

Палестина президенті жаңа министрлер кабинетін бекітті Фото: РИА Новости

Палестина президенті Махмуд Аббас бейсенбі күні бұрын тағайындалған премьер-министр Мохаммад Мұстафа басқаратын жаңа үкіметті бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты  WAFA агенттігіне сілтеме жасап.

Палестина премьер-министрі Мохаммад Мұстафа жаңа министрлер кабинетін жасақтады. Ол сыртқы істер министрі қызметін қатар атқарады және бейсенбі күні президент Аббасқа жаңа үкіметті ұсынды. 

Палестина Президенті тізіммен келісіп, М.Мұстафаның 19-шы үкіметіне сенім білдіріп, жаңа министрлер кабинетін бекітетін президент жарлығын шығарды. Үкімет мүшелерінің ант беру рәсімі жексенбіге жоспарланған. 

М. Мұстафа Палестина Президентіне жолдаған мәлімдемесінде жаңа үкіметтің бірінші ұлттық басымдығы – атысты дереу тоқтату, Израиль әскерлерін Газа секторынан шығару, гуманитарлық көмек алу және оны анклавтың барлық ауданына жеткізу мүмкіндіктерін қарастыратынын атап өтті. Ол сондай-ақ Газа секторындағы жауапкершілікті қабылдауды қоса алғанда, институттарды біріктіру тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс істеуге уәде берді. 

Жаңа үкімет сонымен қатар Газа секторындағы және Батыс жағалаудағы қаржылық жағдай мен экономикалық салдарды тұрақтандыруға күш салатынын жеткізді. 

Жаңа үкімет құрамына 23 министр кіреді, олардың алтауы – Газа секторынан, денсаулық сақтау, қоғамдық жұмыстар, көлік, қайырымдылық, әділет және коммуникация министрліктерінің басшылары. Сонымен қатар премьер-министрдің бірқатар кеңестік қызметін де Газа секторынан шыққандар атқарады. 

Жақын арада үкімет қаржылық бақылау мен ашықтықты жақсарту, бюрократияны оңтайландыру, заң үстемдігін нығайту, сот жүйесінің тәуелсіздігін қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес және адам құқықтарын қолдауды қамтитын кешенді реформалар бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін жұмыстанады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу