Палестиналық бала Газадағы жүздеген жансыз мәйіттер арасынан отбасын іздеді

2557

Әлеуметтік желіде Газа секторында қаза тапқан отбасын іздеп шарқ ұрған баланың видеосы тарады. 

Палестиналық бала Газадағы жүздеген жансыз мәйіттер арасынан отбасын іздеді Фото: www.hurriyet.com.tr

Израильдің Газа аумағына тоқтаусыз жасап жатқан шабуылы кезінде отбасынан айырылғандар мәйіттердің арасынан жақындарын іздеуде, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Палестина-Израиль арасындағы қақтығыстың бүгін 18-ші күні. Қоршаудағы Газа секторына жасалып жатқан шабуыл тоқтар емес. Елді мекендерден бөлек ауруханалар, мешіттер мен шіркеулерге жасаған әуе шабуылдары салдарынан отбасыларынан айырылғандар жақындарының мәйіттерін іздеп жүр.

Күні кеше Түркияның Hurriyet сайты Газадағы ауруханаға жасалған шабуыл кезінде қаза тапқандардың арасынан отбасын іздеп, шарқ ұрып жүрген Палестиналық баланың видеосын жариялады. Онда кішкентай ер бала кебінге оранған мәйіттердің әрқайсысына бір қарап, ет жақындарын іздеп жүр. Бір туысын таныған сәтте, көз жасын тыя алмастан оның жансыз денесін сүйіп, құшақтаған күйі қалды. 

Газадағы балалар қатты күйзеліске ұшырап жатыр. The Guardian газетінде жарияланған мақалада Израиль-Хамас соғысы тіпті бүгін аяқталса да, оның салдары ондаған жылдарға созылады дейді.

Газада жұмыс істеп жатқан психиатр Фадель Абу Хиен соғыстың балалардың психологиясына әсер ете бастағанын айтты. Оның сөзінше, балаларда конвульсия, төсек сулану, қорқыныш, агрессивті мінез-құлық, ашуланшақтық және ата-анасының жанынан айрылмау сияқты ауыр жарақат белгілері пайда бола бастаған. 

Айта кетейік, Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқан 5000-нан астам адамның 2000-ы балалар.

Ал Газаның 2,3 миллион халқының жартысына жуығын балалар құрайды. Мұндағы бейкүнә сәбилер 7 қазаннан бері үздіксіз бомбалау астында өмір сүріп келеді. Көпшілігі үйлерін тастап кеткеннен кейін БҰҰ басқаратын мектептердегі уақытша баспаналарға жиналды. Өкінішке мұнда да орай азық-түлік пен таза суға да қолдары жетпейді.

Мектепті паналаған алты баланың анасы Тахрир Табаш: "Балаларымыз түнде қатты қиналып шығады. Олар түні бойы жылап, байқаусызда кіші дәретке жіберіп қояды" дейді.

Ал 2012 жылы БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар агенттігі жүргізген "Бұлтты тірек" операциясы осындай қақтығыстардан кейін балалардың 82 пайызы үнемі өлімнен қорқатынын анықтаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу