Палестинаның қайғысына ортақтасып, түрік елі үш күн аза тұтты

871

Палестинаның қайғысына ортақтасып, түрік елі үш күн аза тұтты

Түркияда Палестина халқын қолдауға арналған ең үлкен митинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24.kz.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, шараға 500 мыңға жуық халық жиылды. Оның ішінде Ислам ынтымақтастық ұйымының төтенше саммитіне келген мәртебелі меймандар да бар.

Көпшіліктің алдына шыққан Режеп Тайып Ердоған Таяу Шығыс аймағының берекесін қашырып отырған себептерге тоқталып, үш діннің қасиетті орны есептелетін Иерусалим шаһарының мәртебесіне қатысты ұстанымын жайып салды. Сонымен қатар түркиялықтар Газа аймағында Израиль әскерлерінің қолынан жапа шеккен қарапайым палестиналықтарға көмек көрсететін болды.

Газа секторындағы оқиға түркиялықтарды да бейжай қалдырмады. Қайғыдан қара жамылған палестиналықтардың ауыр қасіретіне ортақтасып, қаза тапқандарды еске алу үшін түрік елі үш күн аза тұтты. Ал төртінші күні мыңдаған ыстамбұлдық Йеникапы алаңына жиылып, зұлымдық пен басқыншылыққа қарсы митингке шықты.

Алаңда ине шаншар жер жоқ. Оның дені жергілікті тұрғындар десек те, Палестина халқын қолдауға алыстан ат арытып келгендер де бар. Олар барлығы бірауыздан бағзыдан адамзат өркениетінің тал бесігі, дін мен мәдениеттің орталығы саналатын Иерусалим қаласының тарихи мәртебесін өзгерту діни және этникалық қақтығысқа соқтырып, орны толмас ауыр қасіретке әкелетінін алға тартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу