4 мамырда Италия жаңа коронавирус індетіне қатысты шектеулердің күшін біртіндеп жоя бастайды. Елдің премьер-министрі Джузеппе Контенің айтуынша, осы уақыттан бастап фабрикалар мен құрылыс алаңдары өз жұмысын жалғастырады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Конте елдегі экономикалық және әлеуметтік белсенділікті қайта жаңғырту процесін өте қиын міндет екенін мәлім етті.
"Енді осы вируспен өмір сүреміз, сондықтан сақтық шараларын барынша қабылдаймыз", – деді ол.
Сонымен қатар премьер бірқатар шектеулер вакцина не аурудың емі табылмайынша сақталатынын жариялады.
Сондай-ақ 4 мамырда құрылыс компаниялары, кейбір өндірушілер мен көтерме саудамен айналысатындар да жұмысқа кіріседі. Саябақтар ашылып, жалпы саны 15 кісіден аспайтын шараларды ұйымдастыруға рұқсат етіледі. Ал мейрамханалар мен барлар маусымнан бастап әдеттегі қызмет көрсету режиміне ауысады. Мектептер қыркүйек айына дейін жабық болады. Жеркілікті биліктің дерегінше, соңғы үш күнде вирустан қайтыс болу жағдайлары азайған. Италия – Еуропадағы індет ең көп таралған мемлекет. Жалпы, бұл елде науқастардың саны осы күнге 200 мыңға жетіп, оның 26 мыңы көз жұмған.
Табиғат Нұрболат
фото: pixabay.com