Пандемия кезінде интернет-провайдерлердің табысы рекордтық деңгейге жетті

1385

Қазақстанда байланыс нарығында қызмет көрсету 12%-ға артты.

Пандемия кезінде интернет-провайдерлердің табысы рекордтық деңгейге жетті

2020 жылдың қаңтар-наурыз аралығында еліміздің байланыс нарығындағы қызмет көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,4%-ға артып, 211,2 млрд теңгеге жетті, деп хабарлады Finprom.kz.

Тек наурыз айында қызмет көлемі 70,8 млрд теңгені құрады. 

2019 жылы бұл нарықтың жалпы табысы 800,1 млрд теңге болды. Көрсеткіштер бір жылдың ішінде 9,8%-ға жоғарылаған. 

Биылғы жылдың қаңтар-наурызында қызмет саласындағы табыстың көп бөлігі, яғни, 36,3%-ы интернет-байланысқа тиесілі. Бұл ақшаға шаққанда 76,7 млрд теңге. Көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға жоғарылаған. Ал наурыз айында интернет-провайдерлер табысы 2,7%-ға артып, 25,9 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы байланыс нарығындағы рекордтық көрсеткіш. Салыстырмалы түрде алсақ 2020 жылдың ақпанында аталған саланың табысы 1%-ға төмендеген болатын. 

Ал ұялы байланыс қызметінің көлемі қаңтар-наурыз аралығында 56,7 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар ТЖ кезінде қазақстандық байланыс операторлары білім беруге бағытталған бірқатар сайттарға тегін кіруге мүмкіндік жасады. Сондай-ақ қазіргі кезде www.coronavirus2020.kz, www.egov.kz порталдарына кіру кезінде мегабайттар жұмсалмайды. 

2020 жылдың наурыз айының соңында елімізде интернет пайдаланушылар саны 2,5 млн абонентті құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 1,9%-ға жоғары. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу