Пандемия кезінде ЖОО-ларда қашықтықтан оқыту: қиындық па әлде жаңа мүмкіндіктер ме?

4153

 Сәтбаев университетінде қазірдің өзінде білім беретін бейнематериалдардың мәліметтер базасы бар, оның мультимедиалық мазмұны үнемі жаңартылып отырады.

Пандемия кезінде ЖОО-ларда қашықтықтан оқыту: қиындық па әлде жаңа мүмкіндіктер ме?

Онлайн оқыту – бұл білім беру жүйесінің ғаламдық жаңа беталысы, оны Stanford, Berkley, MIT секілді ірі-ірі университеттер дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Бұл жалпы карантиндік жағдай қазақстандық университеттер үшін сынақтан өтудің де, әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің де жақсы мүмкіндігі болуға тиіс.

Сәтбаев университеті жаһандық трендтерге сүйене отырып, елде карантин жарияланғанға дейін-ақ өзінің Polytech Online қызметін пайдаланып, қашықтықтан оқытуды бастаған болатын. Алғашқы кезеңде бұл сервис екінші жоғары білім алғысы келетін адамдарға ғана арналды, тек 2019 жылдың күзінен бастап Сәтбаев университеті студенттерінің көпшілігі міндетті пәндерді blended-learning форматына, яғни қашықтықтан оқуды күндізгі оқу түрімен араластырып оқу форматына ауыстырылды. Білім беру материалдары осыған байланысты бейімделіп енгізілді, ал көптеген студенттер аралас режимде білім алуға машықтанды.

Сәтбаев университеті Қашықтықтан білім беру институтының директоры Андрей Симоновтың айтуынша, пандемияға (COVID-19)  байланысты қашықтықтан оқытуға жедел түрде көшу үшін қолданыстағы платформаның қуаттылығы арттырылды, бірқатар техникалық мәселелер шешілді, серверлер ауыстырылды, кең жолақты интернетке қосылу ұйымдастырылды және жүйенің резервтік көшіру механизмі реттелді, интернет арналары мен серверлерге тест жүргізу жүзеге асырылды. Барлық жұмыстар 2020 жылдың 15 наурызында толығымен аяқталды.

Бұл аз ғана уақыт аралығында – екі жарым күн ішінде Сәтбаев университетінің қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан адамдарының, яғни студенттер мен оқытушылар санының 9000-нан астам адамға дейін өсуіне мүмкіндік берді. Қашықтықтан оқытудың алғашқы екі аптасының нәтижелері университеттің жаңа мүмкіндіктерін және жаңа жағдайларға дайын екендігін көрсетті.

"Қашықтықтан оқыту – біздің университет үшін жаңа формат емес, сондықтан ауысу тез әрі оңай болды. Бүгінгі күні  http://polytechonline.kz/  сайтында барлық білім беру бағдарламаларының материалдары орналастырылған – барлығы 1396 пән. Студенттер әр пән бойынша топтарға бөлініп, белгілі бір профессорлы-оқытушылар құрамына тіркелген", – деді Сәтбаев университеті Қашықтықтан білім беру институтының директоры Андрей Симонов.

Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдана отырып, толыққанды білім беру оқу процесінің нақты құрылымын және оқу материалдарын дәрістер арасында үздіксіз, ыңғайлы және сапалы түрде таратуды қамтамасыз ететін қызметпен үйлескенде ғана мүмкін болады. Сәтбаев университетінде қазірдің өзінде білім беретін бейнематериалдардың мәліметтер базасы бар, оның мультимедиалық мазмұны үнемі жаңартылып отырады.

"Мультимедиалық контентті жасау – бірнеше сатыдан тұратын өте күрделі процесс (сценарий, сюжеттік фильм, түсірілім, бейнені өңдеу және т.б.).  Дәлірек айтқанда, бір пән 15 дәрістен тұрады, әр дәрістің орташа ұзақтығы 50 минут, барлығы 12 сағаттан артық жұмыс, – деп түсіндіреді Андрей Симонов. – Мультимедиалық байланыстың қашықтықтан білім беру формасының басқа да түрлерінен айырмашылығы – мұнда визуализацияның заманауи құралдары – 3D графикасы, бейнеклиптер және т.б., яғни материалды интерактивті түрде түсінікті ететін барлық нәрселер қолданылады".

Polytech Online сервисінің аясында студент дәрістерге, тесттер мен үй тапсырмаларына қол жеткізе алады. Кез келген жағдайда оқытушымен байланысып, оған сұрақ қоюға, вебинарға қатысуға әрқашан мүмкіндік бар. Бұл қызмет түрі алғашында аптасына 240 сағат вебинар өткізуге арналған болатын.

Студенттер сонымен қатар онлайн түрде байланыс жасауды қамтамасыз ететін Microsoft Teams, Skype, Zoom секілді басқа да балама IT-құралдарын қолдана алады.

Осылайша, Polytech Online виртуалды аудиторияға айналып, студенттерге Қазақстанның кез келген бұрышынан білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге карантин кезінде үйлеріне кеткен студенттер оқу процесін үзбей білім ала алады, ал интернетке қосыла алмаған жағдайда олар кейіннен, өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта дәрістерге қол жеткізе алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу