Пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге кредит төлеу мерзімі шегеріледі

1036

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздарын төлеу бойынша арнайы ұсыныс әзірледі.

Пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге кредит төлеу мерзімі шегеріледі Фото: inbusiness.kz

Елімізде коронавирус пандемиясынан зардап шеккен кәсіпкерлер үшін кредит төлеу мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне сілтеме жасап.

"Қазақстанда карантин шектеуінен зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредит төлеу мерзімі  2021 жылдың 1 қазанынан 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды", - деп жазылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін микро, шағын және орта бизнес субъектілеріне және жеке кәсіпкерлерге берілген банк қарызы мен микрокредиттерді төлеу мерзімі шегеріледі.

"Бұл жеңілдікті алу үшін қарыз алушылар 2021 жылдың 30 маусымына дейін өз банкіне немесе микроқаржы ұйымына өтініш беруі керек", - деп жазылды хабарламада. 

Өтініш электронды пошта, "банк-клиент" онлайн-жүйесі, интернет-ресурс, мобильді қосымша немесе басқа да байланыс құралдары арқылы ерікті формада берілуі мүмкін.

Қарызды шегеруге 30-90 күн беріледі.

"Қарызды шегеру мүмкіндігі экономиканың зардап шеккен саласына (экономикалық қызметтің 346 түрі) яғни микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге беріледі. Олар қосымша құжаттарды ұсынбайды", - деп жазылды хабарламада.

Орта бизнес және жеке кәсіпкерлерге қарызды шегеру мүмкіндігі карантин шектеуінен зардап шеккенін куәландыратын фактор болған кезде ғана беріледі. 

"Қарыздарды төлеу мерзімін шегеру үшін үш жаңа төлем кестесінің бірі белгіленуі мүмкін: қарыз мерзімінің соңына дейін шегерілген төлемдерді тең бөлу немесе қарыз мерзімін ұлғайту түрінде, не қарыз (микрокредит) шартында немесе қарыз алушының өтінішінде көрсетілген өтеудің басқа әдісі арқылы", - деп жазылды хабарламада.

Қарызды шегеру кезінде кредиттік ұйымдар қарыз алушыдан талап-арыз жұмысын жүргізбейді.

"Кредит төлеу мерзімін шегеру қарыз алушының кредит тарихын нашарлатуға және қарыз алушы туралы кредит бюросына теріс ақпарат беруге негіз болып саналмайды", - деп жазылды хабарламада.

Еске салайық, 2021 жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Ұлттық банкке пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің кредит төлеу мерзімін шегеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу