Алматы облысында бақ өсіру ісі қайта жанданып келеді. Оның ішінде Панфилов ауданының қосып отырған үлесі зор. Бүгінгі күні ауданда 2005 га бақ, 176 га жүзімдік бар. Бұл туралы Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев Пенжім ауылдық округінде өткізген есеп беру жиынында айтты.
Бердәулет Абдулдаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Алматы облысына келген сапарында берген тапсырмаларының бірі – бақ өсіру мен алманы жаңғырту ісі болатын. Облыс басшылығының жіті қадағалауында тұрған бұл тапсырманы орындауға облыстың барлық аймағы, соның ішінде Панфилов ауданы да атcалысып келеді.
Мәселен, 2015-2016 жылдары "Жаркент-Фрукт" ЖШС қарқынды жұмыс жүргізіп, 1110 гектарға әртүрлі сортты бақ отырғызды. Оның 578 гектары – алма, 405 га – қызыл шие, 74 га – шабдалы, 40 га – қара өрік, 13 га – алмұрт. Сол аумақтың 988 гектарына тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Серіктестікте бүгінгі күні 442 адам жұмыс істейді. 2017 жылы кәсіпорын сұрыптау және сақтау цехтарын ашуды жоспарлап отыр, оның инвестициясы – 3,0 млрд.теңге.
Сонымен қатар жыл басынан бері аудандағы шаруашылықтар жалпы құны 476,0 млн теңгенің 109 жаңа техникасын сатып алған. Мұның сыртында ауыл шаруашылығында сервистік-дайындау орталығы құрылды.