Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірде медициналық туризм дамып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шығыстың табиғаты мен дәрігерлердің кәсіби әлеуеті өңірде медициналық және санаториялық-курорттық туризмді дамытуға да ықпал етеді. Бұл бағытта алғашқы қадамдар да жасалып жатыр. Пантымен емдеу орындары облыстың брендіне айналған. Оған қоса қазір үздік технологиямен жабдықталған және білікті кадрлары бар облыстық онкология орталығы өзге өңірлер мен шет ел тұрғындарын емге қабылдай бастады. Біздің кей жерлестеріміз Түркияға немесе Оңтүстік Кореяға барады. Егер бағаларын салыстырсақ, әрине бізде бірнеше есе төмен. Қазақстан азаматтарына ол тіпті тегін", – деді өңір басшысы.
Ермек Көшербаевтың сөзінше, туризмді дамыту дегеніміз бірінші кезекте жол бойындағы қызмет, ас мәзірі, қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылым, электр қуаты және жолдың сапасына байланысты.
Айта кету керек, осыған дейін Марқакөл мен Қытайдағы Қанас көлі арасында трансшекаралық туристік бағыт ашылуы мүмкін екенін жазғанбыз.