Пара алды деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты, деп хабарлайды Atameken Business .
Атап айтсақ, Атырау облысы бойынша 157-де 1 тергеу изоляторы мекемесі басшысының міндетін атқарушы ұсталды. Ол сотталушыны басқа мекемеге ауыстырмау үшін одан жүйелі түрде пара алып отырған. Параның жалпы сомасы - 678 мың теңге. Сондай-ақ, оған туыстарымен кедергісіз кездесуге мүмкіндік берген.
Ал Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін қамауға алынды. Шенеунік жалған акт жасау арқылы қазынаның 8,5 млн теңгесін қалтасына басқан. Ол мемлекеттік мекемеге кәдесыйлар сатып алу үшін бөлінген болатын. Қомақты қаражат осы жылдың қарашасында қолды болған. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық атқару жүйесі депатраментінің қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы да пара алды деген күдікке ілінгені белгілі болды.
"Лауазымды тұлғаға қатысты алаяқтық және көтеріңкі зейнетақы төлеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына 1 млн 70 мың теңге сомасындағы пара беруге Ішкі істер министрлігінің зейнеткерлерін айдап салушылық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу жалғасуда", - дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.