Павлодар қаласының №2 соты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары мен мердігерге қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
48 жасар мемлекеттік қызметші мен 38 жасар кәсіпкер өткен жылдың 13 желтоқсанында қамауға алынған болатын. Бір жылға жуық уақытқа жалғасқан тергеу жұмыстарының нәтижесінде шенеуніктің 2,5 млн теңге пара алғаны дәлелденді.
"Мемлекеттік қызметші өзінің лауазымын пайдаланып, 2020 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында қымет көрсету актілеріне, 304 ноутбукты жеткізу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қойғаны үшін бірнеше рет пара алған. Ал іс жүзінде жалпы сомасы 21 млн теңгеден асатын тауар жеткізілмеген", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Әу баста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаментінің қызметкерлері шенеунік кәсіпкерден 15 млн теңге пара алды деген күдікпен істі қозғаған болатын. Алайда тергеу барысында 12 млн теңге алу фактісі дәлелденген жоқ.
Ажар Дәулетова