Пара алғаны үшін ұсталған астаналық жедел жәрдемнің бұрынғы басшысы 36 млн теңге айыппұл төлейді

203

Пара алғаны үшін қамауға алынған "Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы" ШЖҚ МКК басшысы Мұрат Оразбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Пара алғаны үшін ұсталған астаналық жедел жәрдемнің бұрынғы басшысы 36 млн теңге айыппұл төлейді Фото: 103.astana.kz

"Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты пара алу фактісі бойынша О. мен М.-ға қатысты қызметтік ережені пайдалана отырып, парақорлыққа делдал болу ісін қарады. Жедел медициналық қызмет көрсету станциясының басшысы О. 2022-2023 жылдары бас фельдшер М.-дан медициналық колледждерде оқу практикасын ақылы негізде жүргізуге мүмкіндік бергені үшін және медициналық колледждерден жалақы ретінде өз шотына аудару жолымен 676 мың теңге сомасында пара алды. Сондай-ақ, ол 2023 жылдың сәуір айында ЖШС директорының орынбасарынан бас фельдшер М.-ның делдал болуы арқылы жедел жәрдем станциясы жанындағы академия студенттерінің өндірістік практикадан ойдағыдай өткені үшін 100 мың теңге көлемінде ақшалай пара алған", – деп жазды ведомстводан.

Сот үкімімен О. ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылған.

Ол мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылып, пара сомасының 46,6 еселенген мөлшерінде 36,1 млн теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, оны мемлекеттік награда – "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

М. ҚК-нің 368-бабының 2-бөлігі бойынша қызметтік жағдайын пайдалана отырып, пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 еселенген пара сомасы мөлшерінде 2 млн теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу