Пара сомасының 10 пайызы беріледі

1081

Жемқорларды әшкерелегендер 10 млн 600 мың теңге ала алады.  

Пара сомасының 10 пайызы беріледі

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жарияланса да, өзекке түскен "жегі құрт" жойылмай тұр. Содан болса керек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түрлі тәсілдерге жүгініп жатыр. 

Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі көңіл көншітпейді. "Биені бүгімен, түйені түгімен" жұтып жүргендер заңға қайшы әрекет етуден тыйылмай тұр. Осыған тосқауыл қою үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев халықты сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күресуге, яғни жемқорлар мен парақорларды әшкерелеуге шақырды. 

"Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы қаулыны бекітті. Енді ЭЫДҰ қатарындағы көптеген елдердегі секілді сараланған сыйақы болады", – деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа мәжілісінде. 

Агенттік төрағасының сөзінше, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10%-ын ала алады. 

"Ең жоғары сыйақы мөлшері 10 млн 600 мың теңгені құрайды. Бұл жаңашылдық  азаматтарды жемқорлықпен нақты күреске барынша тартуға серпін береді деп есептейміз", – деді Алик Шпекбаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу