Парацетамол 10 есе қымбат бағамен сатылған

928

Жалпы 46 адам полицияға жеткізілді, олардан 20884 қаптама дәрілік препарат тәркіленді. 

Парацетамол 10 есе қымбат бағамен сатылған

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті. 

"Еліміздің әр өңірінде дәрілік препараттардың шекті бағасын бақылайтын мониторингтік топтар құрылған. Сонымен қатар бұл істе бізге құқық қорғау органдары көмектесуде. Бірнеше күннің өзінде түрлі заң бұзушылықтар  анықталды. Кейбір "пысық" фармацевтер препараттар бағасын қымбаттатып, оларды чексіз сатқан. 6 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері көлігіне жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын дәрі-дәрмекті салып алып, қымбат бағамен сатпақ болған азаматты құрықтады. Оның көлігінде 689 қаптама дәрілік препарат анықталды. Атап айтсақ, "Цефтриаксон", "Ингаверин" сынды қалада тапшы медикаменттер болды", – деген министр заңсыз дәрі саудасына қатысты өзге де деректерді тілге тиек етті. 

"Шымкентте өте "іскер" келіншек жеке тұрғын үйде заңсыз дәрі саудасын ұйымдастырған. Тексеріс барысында 10 мың қаптамадан аса 229 түрлі препарат тәркіленді. Мұнда да жедел респераторлық аурулар еміне қолданылатын Ингаверин, Дексаметазон табылды. Олардың барлығы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда сақталған", – деді министр. 

Сонымен қатар дәрі-дәрмек саудасына қатысты құқық бұзушылықтар Жетісайда да анықталған. Онда полицейлер бір қолға 336 қаптама Цеф-3 препаратын сату фактісін анықтаған. Тәркіленген дәрінің жалпы сомасы 400 мың теңге. 

"Бұл препараттар сол қаладағы дәріхана фармацевтеріне саудаланған. Ал Атырауда косметологиялық орталықта дәрі-дәрмек сату фактісі белгілі болды. Заңсыз сауданы клиника басшысы жүзеге асырған. Мұнда препараттар бірнеше есе жоғары бағамен сатылған. 5 мың теңге тұратын "Ингаверин" үш есе қымбат, "Парацетамол" 10 есе қымбат бағамен саудаланған. Жалпы 5 мың қаптама дәрі тәркіленді", – деді Алексей Цой. 

Сондай-ақ министр 6 шілдедегі жағдай бойынша осындай заң бұзушылықтарға барған 46 адам жауапқа тартылып, олардан 20884 қаптама дәрі тәркіленгенін мәлімдеді. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу