Салмағы небәрі 80 грамм аяққа тағылатын білезік талай жемқорды бақылауда ұстауға көмектеседі. Цифрлық технология туралы AntikorNews алаңында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының цифрландыру мәселелері жөніндегі көмекшісі Аслан Құсайынов ашып айтты.
"Бұл денеге тағылатын радиоэлектронды модуль. Күдікті немесе айыпталушының аяғына тағылады. Білезікте ескерту қызметі мен оны шешу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар қауіпсіздік регламенті де сақталған. Адамға зиян келтірмейтіні расталған. Құрылғының салмағы 80 грамм. Тағып жүрген адамға қолайсыздық тудырмайды. Ал оны өз еркімен шешуге әрекеттенсе бірден диспетчерлік қызметке хабар барады", – дейді Аслан Құсайынов.
Бақылау білезігінде тұлғаны растау қызметі бар. Мәселен, күдікті немесе айыпталушының нақты мекен-жайын анықтап, оның білезікті тағып жүргенін тексеру үшін диспетчер бар болғаны бір тетікті басады. Кейін бақылаудағы адамның ұялы телефонына 5 минутта жауап беруі тиіс хабарлама келеді. Ол өзінің дауысы және бет бейнесін сканерлеу арқылы тұлғасын растайды.
"Бақылаудағы адамның дауысы құрылғыны оған тіркеу кезінде алдын ала жазылады. Ал құрылғы иесі белгіленген аймақтан шығатын болса жүйе әкімшісі кеңседен шықпастан оның барлық маршрутын қадағалай алады. Ол емхана немесе сотқа, рұқсат етілмеген орындарға баруы мүмкін. Құрылғы кез келген қалада жұмыс істейді және халықаралық тәжірибеде қолданылып жүрген құралдардан еш кем түспейді", – дейді спикер.
Құралай Құдайберген