Париж олимпиадасында әйелдер боксынан 50 келі салмақта жұдырықтасып, күміс жүлдегер атанған Назым Қызайбай елге оралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Боксшыны Алматы әуежайында туыстары, жанкүйерлері, достары мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде күтіп алды.
Спортшы әуежайға келіп, домбырамен ән салып, шашу шашып қарсы алған жақындары мен жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
– Жеңіске жеткенімді енді ғана сезініп жатырмын, халық өзі күтіп алып жатыр. Барша жанкүйеріме мың алғыс. Барлық жағынан қолдаулары сезілді. Бүкіл қазақ елі сенімін білдірді. Бауырларым, ата-анам, әкемнің ауылдастары да маған үлкен сенім артты. Сондай-ақ италиялық жанкүйерлер қолдау көрсетті, – деді боксшы Назым Қызайбай.