Париж төрінде Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

774

Атақты әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті. Бұл туралы inbusiness.kz Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Париж төрінде Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

Мәдени шарада Қазақстанның халық артисі Нұржамал Үсембаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексенұлы, Медет Шотабаев сахнада өнер көрсетіп, Роза Бағланованың орындауындағы әндерді шырқады.

Іс-шараның щымылдығын ашқан Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әншінің 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізу Роза Бағланованың сіңірген еңбегі мен талантын жоғары мойындау екенін атап өтті.

"Роза Тәжібайқызының шығармашылығы мен өмір жолын Қазақстаннан тыс жерлерде біледі. Ол біздің мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттай отырып, көптеген елдерге гастрольдік сапарлармен шыққан. Оның бұлбұл дауысы 50-ден астам елдің көрерменін таңдандырды. 1957 жылы ол Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канадада концерттер берді. Оның репертуарында қазақ халық әндері, заманауи композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Мұның бәрі Роза Бағланованың жай әнші емес екенін, оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылған бүкіл дәуірдің алтын дауысы екенін көрсетеді", – деді Дәурен Абаев.

Бұдан өзге министр Дәурен Абаев Парижде орналасқан ЮНЕСКО-ның кеңсесінде ұйымның бас директоры Одри Азулемен кездесті. Тараптар мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын және одан әрі ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Кездесу барысында Дәурен Абаев Одри Азулеге Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын насихаттауға және жаңғыртуға, сондай-ақ еліміздің мәдени іс-шаралары мен айтулы күндерін ЮНЕСКО күнтізбесіне енгізуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу