Парижде І Қазақстан–Франция инвестициялық форумы өтті

618

Парижде І Қазақстан–Франция инвестициялық форумы өтті

Парижде ҚР Франциядағы елшілігінің және "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының қолдауымен Қазақстан–Франция инвестициялық форумы өтті. Онда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ортаға салынып, ынтымақтастық жөніндегі бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Форумға ФР Еуропа және сыртқы істер министрлігінің (ЕСІМ) мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуан, ҚР СІМ инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров, ҚР Франциядағы елшісі Жан Ғалиев, Францияның ҚР-дағы елшісі Филипп Мартине, Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев, сонымен қатар екі елдің бизнес-қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Форумның ашылуында елші Жан Ғалиев франциялық қатысушыларды Қазақстан президентінің Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінің, "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауы және "Бес әлеуметтік бастамасының" халықаралық бизнес үшін қызықты тұстарымен таныстырып өтті. 

Өз кезегінде Ерлан Қайыров өткен жылы шетелдік инвестициялардың шамамен төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталғанын мәлімдеді.

"Бұл Қазақстанның мұнай өнеркәсібінен басқа салаларда да тартымды бола бастағанын білдіреді. Біз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейміз, өткен жылы Қазақстан ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің мүшесі болды", — деді ол.

Сонымен қатар, Жан-Батист Лемуан Қазақстанмен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Орталық Азия елдерінің ЖІӨ-не инвестициялардың ⅔ жуығы Қазақстанға келетінін атап өтті. Сонымен қатар ол шетелдік инвесторларды қолдаудың қолданыстағы тетіктері, соның ішінде АХҚО-ның қаржылық құралдарының кең спектрі арқылы қолдау туралы айтты.

Kazakh Invest ақпараты бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан әлемдік компанияларға 500 млн-нан астам адамнан тұратын нарық қолжетімді. Қазақстан арқылы құрамына 5 теміржол және 6 автомобиль халықаралық бағдарлары, соның ішінде заманауи трансконтиненталдық "Батыс Еуропа — Бастыс Қытай" автомагистралі енетін мультимодалдық Еуразия көлік дәлізі өтеді.

"Біздің көлік дәліздеріміз Азиядан (Ляньюнгань порты, Қытай) Еуропаға (Дуйсбург порты, Германия) немесе кері қарай шамамен 10-15 күн ішінде жүк жеткізуге мүмкіндік береді, бұл теңізбен тасымалдауға қарағанда екі-үш есе тезірек. Контейнерлік тасымалдаулар екі есе өсті деп айта аламын", — деді Сапарбек Тұяқбаев. 

Франция бизнесмендеріне экономиканың ұлттық стратегияға сәйкес басым салаларындағы 50 тауашалық жоба ұсынылды. Аталған инвестициялық ұсыныстар Deloitte компаниясымен бірлесіп әзірленген.

Сонымен қатар инвестициялық форум аясында ECM Technologies және "Қазатомөнеркәсіп" арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу