Парижді бетке алған еліміздің веломарафоншылары Татарстанға жетті

703

Зағип және нашар көретін спотшылардан жасақталған команда алты елдің 30 қаласын біріктіріп, 5 мың шақырым жолдан өтеді. 

Парижді бетке алған еліміздің веломарафоншылары Татарстанға жетті

"Астана – Париж" велосипед жарысының қатысушылары "Шектеусіз спорт" әлеуметтік жобасы аясында Татарстанға жетті, деп хабарлайды ҚР-ның Ресейдегі елшілігі.

Зағип және нашар көретін спотшылардан жасақталған команда алты елдің 30 қаласын біріктіріп, 5 мың шақырым жолдан өтеді. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия және Франция елдері бар.

"Шектеусіз спорт" жобасының және веломарафонның ұйымдастырушыларының бірі Данияр Базарбек осыдан үш жыл бұрын жобаға ең алғаш ағасы мен бірнеше мектеп кезіндегі достары қатысқанын айтты. Алғашқы веломарафон 2016 жылы Алматы мен Астананың арасында өткен. Одан кейінгі марафон халықаралық деңгейге көтеріліп, велокоманда Алматыдан Ыстықкөлге барған. Биыл жоба қатысушылары ірі велочемпионаттардың отаны – Франция елін бағындыруға бел буған.

Зағип жандар велотандемде қозғалады, яғни рульге көзі көретін пилот отырады, ал екінші орындағы адамды "стокер" деп атайды. Жоба басталғалы бері оның қатысушылары әр апта сайын жаттығуды әдетке айналдырған. Қазіргі таңда стокерлер мен олардың пилоттары бір бірін велосипедтің қимылынан-ақ түсінетін болған.

"Жарыс кезінде стокерлер қандай да бір қиындықтарға душар болмайды. Себебі пилоттар марафонның басынан аяғына дейін көмектесіп жүреді. Мысалы, аялдама болса, велосипедтерді тоқтатып қояды, стокерге қажет болса, суын береді, сондай-ақ ешқашан қауіпті жерде жалғыз қалдырмайды. Пилот – стокердің жәрдемшісі, сондықтан оған көмек керек болған жағдайда жалғыз қалып қоюы мүмкін емес", – деді Данияр Базарбек.

"Шектеусіз спорт" жобасының қатысушылары "Мақсат барда – кедергіге жол жоқ" ұранымен жүреді. Олар марафондары арқылы басқа да адамдарды ынталандыруға тырысады. Саяхат барысында қатысушыларға өзге велосипедшілер келіп қосылып, олармен бірге 50 немесе одан да көп шақырым жолды жүріп өткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу