Құжат 2023 жылдың1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
"Парламент регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау бойынша бірлескен комиссия тиісті жұмыс жүргізді. Бірлескен комиссияға Парламент палаталары депутаттары мен комитеттерінің 50-ден астам ұсынысы келіп түсті. Парламент регламентіне ұсынылатын түзетулер елімізде жүргізілген конституциялық реформаның ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді", – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов.
Бұл тұрғыда ол осы маңызды өзгерістер мен толықтырулар туралы толығырақ баяндады. Айтуынша, Конституциялық заңдарды тек қана Парламент палаталарының бірлескен отырысында қарау туралы түзетудің Конституцияға енгізілуіне байланысты осы тәртіпті Парламент регламентінде бекіту ұсынылады.
"Атап айтқанда, регламентті "Конституциялық заңдарды қабылдау" деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылды. Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті болады. Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жіберіледі. Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады. Конституциялық заң жобасының бастамашысы негізгі баяндама жасайды, одан кейін әр палатаның қосымша баяндамашылары сөз сөйлейді. Сондай-ақ Парламент депутаттарына кезекпен сөз ұсынылады", - деп түсіндірді Арман Қожахметов.
Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін. Оның құрамы палаталардың бірлескен отырысында бекітіледі. Сондай-ақ, осы отырыста бірлескен комиссияның төрағасы сайланады және бұл комиссияның жұмыс мерзімі анықталады. Осылайша екінші оқылымға дейін бірлескен комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, конституциялық заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарау бойынша жұмыс жүргізеді.
"Екінші оқылымда Парламент палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды", – деді комитет төрағасы.
Түзетулердің келесі легі Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес, Парламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты.
Заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркелген. Парламент Палаталарының бірлескен отырысын Мәжіліс Төрағасы заң жобасы қабылданған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады.
Бірлескен отырыста Үкімет өкілі баяндама жасайды, одан кейін баяндамашыға сұрақтар қойылып, депутаттарға сөз беріледі.
Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін депутаттарға өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізуге мүмкіндік беретін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін.
Оның қорытындылары бойынша заң жобасы Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны жиналмаса, заң жобасы қабылданбады деп есептеледі.
"Парламентте Премьер-Министрдің есебін тыңдау тәртібін көрсететін жеке тарау ұсынылып отыр. Конституцияның 67-бабының төртінші тармақшасына сәйкес Премьер-Министр Парламентке Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы есеп береді. Бұл есепті Парламент палаталарының бірлескен отырысында тыңдау ұсынылады. Бұл ретте депутаттар Премьер-Министрдің есебін тыңдау кезінде сұрақ қоюға және жарыссөзге қатысуға құқылы", –деп түсіндірді депутат.