Парламент Сенаты депутаттығына 46 адам үміткер

936

Биыл жоғары палатаға 17 депутат сайланады.

Парламент Сенаты депутаттығына 46 адам үміткер

Онлайн форматта өткен ҚР Орталық сайлау комиссиясы отырысында 12 тамызда өтетін Сенаты депутаттары сайлауына дайындық мәселесі пысықталды. Шарада облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аймақтық сайлау комиссиялары есеп берді. 

Биылғы ерекшелік сайлау күні таңдаушыларды тіркеуді бақылау және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаратын онлайн сервистері жұмыс істейтін болады. 

"Бұл сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді", – деген Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашев 10 тамыз сағат 00:00-де кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаттары аяқталатынын ескертті.

"Сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, сайлау бюллетендеріне 46 кандидат енгізілді. Яғни, Шығыс Қазақстан облысынан - 4, ал 10 өңірден 3 кандидаттан: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары. Қалған өңірлерден - 2 кандидаттан", - деді Берік Имашев. 

Бұған дейін жарияланған тізімде 56 кандидат болса, кейін 12 кандидаттан өздерін тізімен алып тастау туралы өтініш түскен. 

Ал республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3069 мәслихат депутаты енгізілген. Олардың басым бөлігі Алматы облысынан - 317 және Шығыс Қазақстан облысынан – 301, Нұр-Сұлтан қаласынан - 21, Шымкент қаласынан - 26 және Алматы қаласынан - 32. 

"Сенат депутатын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары сайлайды. Оларды өз кезегінде республика азаматтары сайлады. Осылайша, ел азаматтары өз өкілдері арқылы Сенатты қалыптастыруға қатысады", - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Бұған қоса ол өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті. 

Еске сала кетсек, 12 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 12 тамыз күні Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді деп белгіленді. Президент үкімет пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдеріне сайлауды ұйымдастыруда материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берген. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу