Парламент Жер кодексіне енгізілген түзетулердің күшіне енуін тоқтата тұратын заң жобасын мақұлдады

1033

Парламент Жер кодексіне енгізілген түзетулердің күшіне енуін тоқтата тұратын заң жобасын мақұлдады

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы"  ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.  

"Жер саласында туындаған сұрақтарға байланысты кезінде осы мәселені қарау үшін, қоғамда туындаған пікірлерді ескере отырып, арнайы Жер туралы комиссия құрылған болатын. Осы комиссия өз жұмысы барысында күнтәртібіндегі тақырыптарды қарау барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жекеменшікке сату, шетелдіктерге жалға беру мәселелерін қамтыды",  деп еске салып өтті аталған заң жобасын таныстырған ҚР премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Осы ретте жер саласындағы проблеманы жер комиссиясы қараған кезде ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердің деректі қорын жасау, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің кадастрлық құнын қайта қарау мәселелері көтерілген.

Естеріңізге сала кетейік, осыған сәйкес, жер комиссиясы Мемлекет басшысына ұсыныспен шықты. Ол ұсыныс ҚР Президенті тарапынан қолдау тауып, арнайы Жарлықпен 2016 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылып отыр.

"Сіздерге енгізілген заң жобасында осы бір ғана мәселені көздейді, яғни мораторий мерзімін бес жылға ұзартуды ескеріп отыр", – деді Мырзахметов.

Айта кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 18 тамызында қабылдаған Жарлығына сәйкес енгізіліп отыр. Жер реформасына байланысты қабылданған кейбір шешімдердің қоғамдық пікір тудыруына орай орын алған проблемаларды талқылай келе, мораторий жарияланған болатын. Оған байланысты үстіміздегі жылы 30 маусымда тиісті Заң қабылдады. Сол Заңда мораторийдің мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу