Парламенттік сайлауға баға берілді

507

Халықаралық байқаушылар өткен сайлауға қатысты өздерінің пікірлерін білдіріп, бағасын берді.  

Парламенттік сайлауға баға берілді Фото: gov.kz

ҚР СІМ орынбасары Қанат Тумыш ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына байқау жүргізу мақсатында Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар миссияларымен – Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының депутаты Реджеп Шекер бастаған ТүркПА делегациясымен, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров бастаған ТМҰ миссиясымен, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Бас хатшысының орынбасары Григорий Логвинов бастаған ШЫҰ миссиясымен кездесті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Кездесу барысында Қ. Тумыш халықаралық байқаушыларға Қазақстанның сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы мағлұмат берді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының өткен сайлауы еліміз үшін маңызды оқиға және бұл сайлаудың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформалардың қорытынды кезеңі екенін ерекше атап өтті", - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Өз кезегінде ТүркПА байқаушылар миссиясының жетекшісі Р. Шекер сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап дауыстарды санауға дейінгі барлық кезеңдеріне қатысқандарын айтты. Р. Шекер ТүркПА миссиясының сайлау үдерісіне дайындық деңгейі мен сайлауға қатысты жоғары баға беріп, сайлауды ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды оң бағалайтынын атап өтті. ТүркПА миссиясының басшысы сайлаудың ашық және әділдік қағидатына сәйкес өткенін мәлімдеді.

ТМҰ Бас хатшысының орынбасары С. Джафаров Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауында миссия әкімшілік сипаттағы бұзушылықтардың болмағанын, заңнамаға сәйкес халықаралық және ұлттық байқаушыларға, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне, үйде дауыс беруге барлық жағдай жасалғанын, заңнамаға сәйкес баспасөзде сайлау науқаны туралы кеңінен ақпарат тарату қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Ал ШЫҰ байқаушылар миссиясы 40-тан астам сайлау учаскелеріне барды. Кездесу барысында ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Г. Логвинов

Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, оның ұлттық сайлау заңнамасының талаптарына және ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келетіндігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу