"Парыз" байқауына қатысушылар қайырымдылыққа қомақты қаражат жұмсаған

995

Биыл "Парыз" байқауына қатысушылар әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық шараларына 20 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Бұл туралы "Алтын сапа" сыйлығының жеңімпаздарын құттықтау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Парыз" байқауына қатысушылар қайырымдылыққа қомақты қаражат жұмсаған

"Отандық кәсіпкерлер мен Қазақстандағы халықаралық компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын әрдайым берік ұстанып келеді. Олар індет кезінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне зор қолдау көрсетті. Жалпы биылғы "Парыз" байқауына қатысушылар әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларына 20 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсады. Сонымен бірге 7 000 жаңа жұмыс орнын ашты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ол қайырымдылық шараларына қатысқан ұжымдарға алғыс білдірді. 

Конкурстың қорытындысы бойынша 28 жеңімпаз анықталды: 2 гран-при иегері, 24 лауреат атағы иегері және "Жылдың үздік әлеуметтік жобасы" арнайы сыйлығының 2 иегері.

Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында гран-приді Батыс Қазақстан облысының "Қарашығанақ Пертолеум Оперейтинг Б.В." компанияларының консорциумы жеңіп алды. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі ең үздігі Ақтөбе облысынан "ПО Глобал-Спецодежда" ЖШС болды.

"Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында: Ақтөбе облысынан "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС, Алматы қаласынан "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС және Шымкент қаласынан "Химфарм" АҚ, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында: Солтүстік Қазақстан облысынан "Бредун" КТ, Ақмола облысынан "Ақбұлақ-Агро" ЖШС және Жамбыл облысынан "ССС" ЖК лауреаттар атанды.

"Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын" номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Жамбыл облысынан "ЕвроХим-Тыңайтқыштар" ЖШС, Қызылорда облысынан "KAP Technology" ЖШС және Нұр-Сұлтан қаласынан "NAK Construction" ЖШС, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Ақмола облысынан "Камаз-Инжиниринг" АҚ, Шығыс Қазақстан облысынан "Л-ТВК" ЖШС және Солтүстік Қазақстан облысынан "Целинное-2004" ЖШС лауреаттар атанды.

"Үздік ұжымдық шарт" номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Шымкент қаласынан "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС, Шығыс Қазақстан облысынан "Үлбі металлургия зауыты" АҚ және Павлодар облысынан "ERG Service" ЖШС, ал орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында: Нұр-Сұлтан қаласынан "Ақмола вагон жөндеу зауыты" АҚ, Солтүстік Қазақстан облысынан "Молсервис" ЖШС және Жамбыл облысынан "Шу-Строй Сервис" ЖШС лауреаттар атанды.

"Экологияға қосқан үлесі үшін" номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Қостанай облысынан "Варваринское" АҚ, Алматы қаласынан "Alina Group" ЖШС және Атырау облысынан "Сичим Казахстан" ЖШС лауреаттар атанды. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында лауреат атанғандар: Ақмола облысынан "HEVEL KAZAKHSTAN" ЖШС, Қостанай облысынан "Атамекен 4 плюс" ЖШС және Алматы қаласынан "Kazakhstan Waste Recycling" ЖШС.

"Жылдың үздік әлеуметтік жобасы" арнайы жүлдесін ірі кәсіпкерлік субъектісі "Тоталь Е энд П Дунга ГмбХ" компаниясының Маңғыстау облысындағы филиалы және орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері санатынан Ақтөбе облысынан "Аслан" ШҚ алды.

Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айырым белгілері (мүсіншелер) берілді. Конкурс лауреаттары осы атақ берілгеннен кейін үш жыл ішінде конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу