Пәтер, көлік сатудан түскен ақшадан зейнетақы қорына жарна аудару мәселелері түсіндірілді

829

Светлана Жақыпова пәтер, көлік сатудан түскен ақшадан зейнетақы қорына жарна аудару туралы заңдағы өзгерістерді түсіндірді  

Пәтер, көлік сатудан түскен ақшадан зейнетақы қорына жарна аудару мәселелері түсіндірілді

Зейнетақы аударымдарының барлығы азаматтардың табысынан түскен кірісінен ғана төленеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды 24.kz.

"Мысалы, мекеме қызметкерінің тапқан табысы - оның еңбекақысы, жеке кәсіпкердікі - кәсіпкерлік қызметінен келген кіріс, жеке нотариустардыкі - көрсеткен қызметтерінен түскен кіріс. Ал жеке немесе заңды тұлғаларға өтемақылы шарт (азаматтық-құқықтық шарт деп аталатын) негізінде қызметтің немесе жұмыстың белгілі бір түрін көрсететін азаматтар үшін - міндетті зейнетақы жарна сол жұмыс немесе қызметінің нәтижесінде тапқан табысынан төленеді (жеке мүлкін сатудан түскен ақшадан емес)", деді вице-министр.

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңының 25-бабында былай делінген: "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi". Биыл 14 шілдеде Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер сияқты табыстарынан өз есептеріне бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын төлейді. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарнасы төленетін кірістер, сондай-ақ, оларды төлеу ережесі мен мерзімдері, ұстап қалу (аудару) және міндетті зейнетақы жарнасын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және төлету Ережелері мен есептеу мерзімдері 2013 жылы 18 қазанда бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен анықталады. "Заңға енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі, онда азаматтық-құқықтық шартпен табыс тауып отырған жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарнасын төлеу тәртібі мен мерзімі қарастырылған. Жоба қазіргі таңда қызығушылық танытқан мемлекеттік органдардың, сарапшылардың кеңесі мен аккредиттелген ұйымдардың келісімін алу процедурасынан өтіп жатыр",  деді Жақыпова.

"Сонымен қатар, айта кететін жайт, азаматтық-құқықтық шартпен табыс тауып отырған жеке тұлғалардың кірісі бұрынғыдай, жұмыс немесе қызмет көрсету арқылы түскен табыс болып есептеледі", деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына енгізілген жаңа өзгерістердің қазақстандықтарды пәтер немесе көлік сынды жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10 пайызын БЗЖҚ-ға беруге міндеттегені туралы ақпарат тараған.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу