"Пәтер мен қымбат көлік алып, казинода ойнаған": Бұрынғы депутат субсидияның 474 млн теңгесін жымқырған

518

Күдікті 2 айға қамауға алынды. 

"Пәтер мен қымбат көлік алып, казинода ойнаған": Бұрынғы депутат субсидияның 474 млн теңгесін жымқырған Фото: ura.ru

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысы Қарасай аудандық Маслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық  және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекеттен субсидия алу мақсатында күдікті Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына "Награда" түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттарды ұсынған. Сомасы 947 млн теңге болған.

"Нәтижесінде ол 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың 50% көлемінде заңсыз субсидия алған. Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды", - делінген хабарламада.

Ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан.

Қылмыстық табысқа күдікті Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және "Toyota Highlander" автокөлігін сатып алған. Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды. Мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды.

Күдікті соттың санкциясымен 2 айға қамауға алынды.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу