Қонаевта Amanat Drive қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржылық жобаға 8 мыңнан аса адам ақша салып, олардың жалпы салымы 21 млрд теңгеден асқан.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарды "жылжымайтын мүлік пен автокөлікті пайызсыз әрі бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады" деп сендірген.
Десе де, тергеу барысында жиналған қаражаттың бір бөлігі бақылаудағы компанияларға шығарылғаны анықталған. Ақша жарнама, талдау және өзге де қызметтерге төлем ретінде рәсімделіп, осы тәсілмен 1,8 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Салымшылардан түскен ақшаға 2 пәтер мен 3 Lexus автокөлігі де сатып алынған. Кейін бұл мүлік басқа адамдардың атына рәсімделген. Сот аталған активтерді тәркілеу туралы шешім шығарды.
Сот үкімімен Шүкен К.К. 8 жылға, ал Үрәтбек М.С. 1 жылға бас бостандығынан айырылды.