Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі C, D және E санаттарына жататын отбасылар туралы түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, C, D және E санаттары отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайындағы айырмашылықтарды көрсетеді. Бұл жерде қанағаттанарлық әл-ауқат деңгейіндегі отбасылардан бастап, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы отбасылар жатқызылады.
C санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар. Бұл санатқа күнделікті негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын, орташа табысы бар отбасылар жатады.
Мысалы, отбасы мүшелерінің жұмысы, жеке баспанасы және автокөлігі болуы мүмкін. Алайда жұмысының немесе мүлкінің болуы отбасының жекелеген мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж емес екенін білдірмейді. Отбасының жағдайы материалдық және әлеуметтік факторлардың жиынтығы негізінде бағаланады.
"D санаты экономикалық тұрғыдан осал жағдайдағы отбасыларды сипаттайды. Мұндай отбасылар материалдық қиындықтарға тап болған. Олардың жағдайын бағалау кезінде еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің тұрақты жұмысының болмауы, кредиттік міндеттемелер бойынша мерзімі өткен берешектің болуы және тұрғын үймен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі ескерілуі мүмкін. Осындай қолайсыз факторлардың бірнешеуінің қатар кездесуі отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Бұл санаттағы отбасылар үшін әлеуметтік төлемдермен қатар, жұмысқа орналасуға және кәсіптік оқудан өтуге жәрдемдесу шаралары да жолға қойылған", – делінген министрлік таратқан хабарламада.
E санаты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы отбасыларды қамтиды. Мұндай отбасылар мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет етеді. Өйткені олар бір мезгілде бірнеше күрделі қиындыққа тап болуы мүмкін: негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаттың жетіспеуі, жеке баспанасының болмауы, кредиттер бойынша берешектің ұзақ уақыт бойы өтелмеуі және өз жағдайын өз бетінше жақсарту мүмкіндіктерінің шектеулілігі.
Мұндай үй шаруашылықтарында еңбекке қабілетті отбасы мүшелері болмауы да мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының санатын жеке бір көрсеткіш негізінде автоматты түрде анықтауға болмайтынын еске салды.
"Пәтерінің немесе автокөлігінің болуы оның әл-ауқаты жоғары екенін білдірмейді. Сол сияқты кредиттік міндеттеменің болуы өздігінен отбасының экономикалық тұрғыдан осал екенін көрсетпейді. Санатты анықтау кезінде үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайы тұтастай бағаланады", – делінген ведомство таратқан ақпаратта.