Пәтер жалдап, оны казиноға айналдырған келіншекке сот үкімі шықты

853

Шымкентте 31 жастағы келіншектің 4 шағынауданындағы 2 бөлмелі пәтерді жалға алып, оны заңсыз ойын бизнесіне айналдырғаны белгілі болды.  

Пәтер жалдап, оны казиноға айналдырған келіншекке сот үкімі шықты

Екі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйел "покер" ойынын ұйымдастыру үшін қомақты ақша салып, оңай олжаға кенелгісі келген. Бұған дейін қаладағы базарлардың бірінде сатушы болып жұмыс істеп келген келіншек қолындағы бар қаражатын покер ойынын ұйымдастыруға арналған керек-жарақтарға жұмсапты. Алайда заңсыз бизнесті дөңгелетпек болған әйелдің ойы жүзеге аспады. Қалалық Экономикалық тергеу департаментіндегілер казиноны ашылған күні жапты. Жедел топ пәтерге кіріп барғанда ішінде екі диллер бойжеткен мен 7 ойыншыны ұстаған. Ең қызығы, құзырлыларды көрген қос диллер үстел үстіндегі 300 мың теңгені әжетхнаға ағызып үлгеріпті.  Ашылған күні жабылған ойынханадан тәркіленіп алынған 3 покер ойынына арналған полотно, 1 бейне тіркегіш, 1400 астам казино  фишкалары, 5 колода ойын карталары –  мемлекет кірісіне айналдырылды,  ал 2 дана диллер тасы, 3 дана суреттер салынған  мөртаңбалар және әр түрлі сандар жазылған қағаздар жойылған.      

"Сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша 31 жастағы азаматша кінәлі деп танылып, оған аталған кодекске сәйкес 505 мың теңге айыппұл салу жазасы тағайндалды",-деді Абай аудандық сотының судьясы Қанат Мылтықбаев.

Судья сотталушыға мұндай жаза берілуінің себебін ол өзінің кінәсін толық мойындауымен, кәмелет жасына толмаған екі баланы жалғыз өзі асырауымен және бұрын сотты болмауымен байланыстырды.

Жансая Тәуекелқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу