Алматы облысында полиция қызметкері жанармай бекетіндегі жарылыстың алдын алды, деп жазады inbusiness.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
10 мамыр күні Ұзынағаш ауылында қызметтік аумағын бақылау кезінде патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды жанармай құю бекетінде тұрған газель көлігінің отқа оранғанын байқады. Жағдайдың ауыр екенін және жарылыс қауіпін түсінген полицей сол жердегі екі азаматпен бірге отты сөндірген. Олардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт дер кезінде тоқтатылды.
– Инспектордың батыл шешімі мен азаматтардың жауапкершілігі арқасында қайғылы жағдайдың жолы кесілді. Мұндай оқиғалар полиция қызметкері – жай ғана форма киген адам емес, қоғам қауіпсіздігі үшін әрқашан дайын тұрған тұлға екенін дәлелдейді. Біз қызметкерлерімізбен мақтанамыз және сын сағатта бейжай қалмаған әр азаматқа алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті ҚР ІІМ.