Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Астанада Alem.AI ғимаратында жасанды интеллект зертханасы ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтты.
"Бір жыл бұрын Қазақстанда біздің алғашқы өңірлік кеңсемізді ашқан болатынбыз. Біз қол жеткізген нәтижелерді көргенімізге қуаныштымыз. Бүгін осы Alem.AI ғимаратында жасанды интеллект зертханасының ашылғанын ресми түрде жариялағаныма мақтанамын. Алғашқы жоба – Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері арасындағы бірлескен жоба болады. Бұл жоба Жасанды интеллект министрлігімен қолға алынып отыр. Бұл технология миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпия түрде, ашық және тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы желі үшін есептеу қуаттарының алғашқы ірі жеткізушісі болады деп үміттенеміз", – деді Павел Дуров.
Соңғы бірнеше айда Telegram блокчейн мен ЖИ-ді біріктіретін жаңа технологиямен жұмыс істеп жатыр.