Павел Дуров Telegram-ның App Store-дан өшірілуіне қатысты пікір білдірді

341

Apple 4 тамызға қараған түні Telegram мессенджерін App Store дүкенінен алып тастады.

Павел Дуров Telegram-ның App Store-дан өшірілуіне қатысты пікір білдірді Фото: shadr.info

Компания мұны балаларды жыныстық қанауға қатысты материалдардың анықталуымен түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Telegram-ның негізін қалаушылардың бірі Павел Дуров мессенджердің өшірілуіне "бопсалаушылардың" әрекеті себеп болғанын мәлімдеді.

Apple өкілдерінің айтуынша, тыйым салынған материал таратқан пайдаланушы анықталғаннан кейін Telegram әкімшілігіне хабар беріліп, оның аккаунты дереу бұғатталған.

Өз кезегінде Павел Дуров құқық бұзушының жария чаттағы ескі хабарламаларды өңдеу әдісін пайдаланғанын түсіндірді. Оның айтуынша, мәтін жасанды интеллект көмегімен өзгертілген заңсыз контентке ауыстырылған. Мұндай материалдар чаттың қарапайым қатысушыларына көрінбегендіктен, олар әдеттегі шағым тетіктері арқылы хабарлай алмаған.

– Бопсалаушылар автоматтандырылған аккаунттар арқылы ашық топтарға заңсыз контент орналастырып, кейін бұл туралы Apple-ге тікелей хабарлайды. Осылайша олар ақша төлеуден бас тартқан қауымдастықтарды жаптыруға тырысады, – деді Дуров.

Оның сөзінше, Telegram-дағы ашық чаттар мен арналардағы заңсыз порнографиялық контент жүйелі мәселе емес. Дуров мессенджердегі модерацияның тиімді жұмыс істейтінін, ал қаскөйлердің ескі контент пен техникалық айла-тәсілдерді қолдануы соның дәлелі екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу