Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов мемлекеттік құрылым, жергілікті полиция қызметкерлері және мектеп директорларымен кездесуінде мұғалімдерден ақша жинауға тыйым салды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Біз Гагарин саябағында әр мектептің дастархан жайып, жұртшылықты тамақтандырғанын қалаймыз. Әдеттегідей, бауырсақ, палау, көже болуы керек. Қалай ойлайсыздар, сіздерге қиын бола ма?", – деп сұрады қала әкімі.
№6 ЖОБМ директоры Галина Кулаковская бұл іске көп қаржы керектігін айтты.
"Ол үшін әжептеуір қаражат керек. Мектептердегі мұғалімдерден тағы да ақша жинауға тура келеді. Біздің мектептерде педагогтар көп емес. Енді демеушілерді іздеу керек. Бірақ ірі кәсіпорындар басқа шараларға мұрындық болып отыр. Бұдан шығар бір ғана жол – жергілікті дәмханалардан көмек сұрау", – дейді мектеп директоры.
Нұржан Әшімбетов ұстаздардан ақша жинауға қатаң тыйым салды.
"Мектептегі асханаларды жалдайтындарға ұсыныс білдіріңіздер. Олар табыс табады, бірақ салықты жеке кәсіпкерлерден де аз төлейді. Бір күндік ақысын бөліп берсе, түк етпейді. Дастархан жаймасаңыздар да болады. Бірақ Наурыз мерекесін атаусыз қалдыруға болмайды", – дейді шаһар басшысы.