Павлодарда төрт айдан астам уақыт аралығында қаралған іс аяқталды. Шаһар басшысының орынбасары Арслан Қалиақбаров маусым айында кәсіпкерден пара алған жерінен ұсталған болатын. Бүгін сот аталмыш іске нүкте қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Осы жылдың қаңтарында Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалған Арслан Сержанұлын кәсіпкерден 800 мың теңге көлемінде ақша алу кезінде ұстаған еді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері оның қызметтік көлігінен тағы 1 млн теңге тапты. Оның барлығы – алдын ала белгі қойылған купюралар.
Ол "СтройБолашақ" кәсіпорнының басшысынан жол жөндеу кезіндегі қиыршықтастың сапасыз екеніне көз жұму үшін пара сұрады деген күдікке ілінді. Кейін сот отырысы барысында шенеунік кәсіпкерден журналистердің кәсіби мерекесіне орай дастархан жаюда қаржылай қолдау көрсетуді өтінгенін алға тартты. Бірақ міндетті түрде ақша берілуі керек деген талап болмаған сыңайлы.
Әу баста шаһар басшысының орынбасары кінәсін мойындамай, мұның барлығы провакация екенін алға тартқан-ды. Кейін оның кабинетіндегі демалыс бөлмесінде 800 мың теңгенің қайдан білмейтінін айтты. Ал бейнежазбада әкім орынбасарының диван жастығын арлы-берлі қозғағаны, оны көтерген кезде кәсіпкер астына ақша салғаны көрініп-ақ тұр.
"Жастықты арлы-берлі қозғау – бұрыннан әдетім. Сөйтіп қозғап отырғанда ақшаның жастық астына қалай қойылғанын да аңғарған жоқпын", - деп түсіндірген еді ол.
Ал қызметтік көлікке белгі қойылған купюралардың қайдан келгенін мүлде білмейтінін кесіп айтты.
Бірақ прокурор мұндай уәждерге иланбай, Арслан Қалиақбаровты 9 жылға соттауды сұрады.
Ал бүгін сот әкім орынбасарын үш жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Ол жазасын орта қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтейтін болады.