Соңғы күндері облыс орталығында қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимге ауысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биыл екі мердігер компания – "Горкомхоз-Павлодар" ЖШС мен "Холдинг-Транс-Павлодар" ЖШС облыс орталығындағы 118 көше, 14 айналма жол, 6 жол өткелі мен 2 жол айрығын қардан тазалауға жауапты болмақ. Сонымен қатар, оларға орталық саябақтарды, автобус және трамвай аялдамаларын, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарын мұздан, қардан тазарту жұмыстары жүктеледі.
Павлодар қаласының тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арслан Қалияқбаровтың айтуынша, жұмысшылар екі ауысым бойынша, яғни күндіз-түні қардан тазалайды.
"Қаланы қардан тазалауға екі мердігер ұйымның 228 техникасы мен 180-200-ге жуық жұмысшы жұмылдырылады. Оларда тайғаққа қарсы және жанармай материалдарының екі айлық қоры дайын тұруы тиіс", - деді Арслан Қалияқбаров.
Бұл бағыттағы жұмыстарға биыл 2,8 млрд теңге бөлініп отыр. Айта кетейік, жалпы қыс маусымы басталғалы қала сыртына 36 мың тонна қар шығарылды.