Павлодар қаласына Әнуар Күмпекеев әкім болып тағайындалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жаңа әкімді қала активіне облыс басшысы Болат Бақауов таныстырды.
Әнуар Күмпекеев 1984 жылы туылған.
2005 жылы Мәскеудегі Михаил Ломоносов атындағы мемлекеттік университетті экономист мамандығымен бітірген. 2007 жылы Ұлыбританияның Бредфор университетінде экономика саласы бойынша магистратураны тәмамдаған.
2016 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін аяқтаған. Сонымен қатар, "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Әнуар Күмпекеев еңбек жолын 2005 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі қаржы және экономика департаментінде жетекші маман болып бастаған.
2007-2008 жылдары Астана қаласындағы "ҚР Ұлттық биотехнология орталығы" РМК маркетинг және коммерциялау департаментінің директоры, стратегиялық даму департаментінің директоры міндеттерін атқарған.
2008-2009 жылдары Астана қаласының коммерциялық саласында басқарушы лауазымда болған. Сондай-ақ, ол түрлі қызметтерде абыройлы жұмыс істеген.
2012-2015 жылдары Степногорск қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2015 жылдың мамыр айынан бастап, осы күнге дейін Степногорск қаласының әкімі болып келді.
Айта кетейік, Әнуар Күмпекеев Павлодар қаласының әкімі болған, қазіргі Екібастұз қаласының басшысы Нұржан Әшімбетовтың орнын алмастырды. Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына ауысты.