Павлодар қаласында "сақалды құрылыстар" орналасқан 30 жер телімі бар

663

Оның төртеуі мемлекеттің меншігіне қайтарылған болса, біреуі соттың шешімімен бұзылған, үшеуі игерілген, бір нысанға сатып алушы табылған, төрт учаске игеріле бастаған және екі учаске саудаға қойылған. 

 Павлодар қаласында "сақалды құрылыстар" орналасқан 30 жер телімі бар

Павлодарда Сәтбаев – Ткачев көшелерінің қиылысында 2006 жылдан бері игерілмеген 1,2 гектар аумақта сауда орталығы мен паркингі бар 10 қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Назар Жұмабековтың айтуынша, аталған учаске 2006 жылдан бері жеке меншік иелігінде болғанымен, құрылыстың мақсаты бірнеше мәрте ауыстырылған.

"Бұл учаске ұзақ уақыт банкте кепілдікте болды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмеді. Былтыр жер учаскесі меншік иесінен алынып, қайтадан саудаға қойылды. Қазіргі таңда жаңа меншік иесі Астанадағыдай 10 қабатты тұрғын үй кешенін салуды көздеп отыр. 2015 жылдан бері жер учаскелері бетімен бос тұрмауы және тұрғындардың өміріне қауіп төндірмеуі мақсатында жұмыс жүргізіліп келеді. Себебі, көбінесе жұмыс басталған құрылыс орнында металл құрылымдар мен кірпіші шығып тұратыны белгілі. Нәтижесінде мұндай аумақтар тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың мекеніне айналады. Сондықтан жергілікті полиция қызметі де көріктендіру ережелерін бұзуға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданады. Сондай-ақ, салық қызметі, жер учаскелерін қорғау басқармасы іске қосылды", – дейді Назар Жұмабеков.

Бөлім басшысының айтуынша, облыс орталығында "сақалды құрылыстар" орналасқан 30 жер телімі бар. Оның төртеуі меншік иесінен алынып, мемлекеттің меншігіне қайтарылған болса, біреуі соттың шешімімен бұзылған, үшеуі игерілген, бір нысанға сатып алушы табылған, төрт учаске игеріле бастаған және екі учаске саудаға қойылған. 15 нысанға қатысты Павлодар облысындағы жерлерді күзету және пайдалануды бақылау, мемлекеттік кіріс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары жұмыс жүргізуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу