Биыл облыс орталығында жаңа жыл қарсаңындағы безендіру жұмысы кең көлемде жүргізілмек. Тіпті, салмағы 28 тонна болатын жаңа шырша сатып алынды. Мұншалықты қомақты шығын шығарудың қандай қажеттілігі болды? Inbusiness.kz тілшісі тарқатады.
Жыл сайын Павлодар қаласындағы Орталық алаңда шырша орнатылып, Тәуелсіздік күнінен соң шамдары жағылады. Биыл бұл рәсім ертең өткізілмек. Яғни, шыршаны орнату, сәндеу жұмыстары толығымен аяқталып, ертегі кейіпкерлері, өнер өкілдерінің қатысуымен лазерлік шоу да ұйымдастырылады.
Бұл ретте 12 жыл бойы Орталық алаңға сән берген шырша енді Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ауласының ажарын ашатын болады. Ал оның орнына жалпы құны 52 млн теңге болатын, биіктігі 30 метр, салмағы 28 тонна жаңа шырша қойылды. Сәукеле стиліндегі мереке нышаны оюлы шамдармен безендірілмек.
Шыршаны жаңартудың қандай қажеттілігі болды? Не себепті оған қомақты қаржы жұмсалды? Бұл сауалдарға Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева жауап берді.
"Бұрынғы шырша Орталық жағалауда 12 жыл бойы орнатылып келді. Соңғы екі-үш жылда пайдалану мерзімі өтуіне байланысты оны орнатуда қиындықтар туындай бастады. Сондықтан тиісті мемлекеттік конкурс жарияланды. Сөйтіп, Алматы қаласында шырша дайындалды. Орталық алаңда оны астаналық "Айбат" компаниясы жинап, құрастырды. Жаңа шыршаның жалпы құны – 52 млн теңге", - деді Светлана Гладышева.
Айтуынша, қыс мерекесінің басты нышанының эскизі арнайы мамандардың, қала тұрғындарының кеңесі бойынша жасалды. Ол аязға төзімді 534 метрлік неон жолақпен, ойыншықтармен, 3 мыңнан астам шамнан тұратын мерекелік гирляндтармен, 130 қар түйіршігімен безендіріледі.
Сонымен қатар, облыс орталығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұз қалашығы бой көтереді. Биылғы ауа райын ескере отырып қазіргі температуралық режимге сай жасалады. Конкурстық рәсімдер негізінде бұл жұмысты астаналық "New Level" командасы атқаратын болды. Қалашық тек мұздан емес, пластик, ағаштардан да құрастырылады. Мұнда көпшілік серуендеп, таза ауада уақытын қызықты өткізе алатын көрінеді. Бұл қалашықты орнатуға 53 млн теңге қарастырылды.
Одан бөлек, қала ішіндегі ескірген шамдар, LED мүсіндер, композициялар ауыстырылып, жаңа жарық элементтері қосылады. Айталық, алғаш рет Естай көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі аумақ жаңа жарық құрылымдармен және элементтермен безендіріледі. Олардың қатарында "Бүркіт", "Шаңырақ", этникалық өрнектер, қолшатырлар, ноталар, шарлар және тағы басқалары бар.
Көпшілікке осындай мерекелік көңіл күй сыйлаған жақсы, әрине. Алайда мұндай қыруар қаржы қарастырудың жөні дұрыс па? Бұл мәселені жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері “май шаммен” қарайтын болды. Олар жаңа жылдық безендіруге байланысты талдау жұмысын қолға алды