Президент әкімшілігінің келісімімен және қалалық мәслихат депутаттарының мақұлдауымен Хасар Хабылбеков облыс орталығының басшысы атанды. Ол бұған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қала активінің жиналысына қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов жаңа әкімді таныстырып, бірнеше міндетті белгілеп берді.
"Мен өзім де Павлодар қаласының әкімі болдым. Бұл - талай сынақтан өтетін, білім мен біліктілік сарапқа салынатын қызықты жұмыс, туған қаланың өркендеуіне үлес қосу үшін берілген мүмкіндік. Жаңа қызметте табыс тілеймін. Барлық мекемелермен бірге міндеттерді орындауға кірісу керек", - деді Асайын Байханов.
Бұл ретте алдымен қажетті шешімдерді қабылдап, кадр мәселесін реттеуді тапсырды.
Хасар Хабылбеков 1986 жылы туған. 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын "Қаржы", 2014 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін "Көлік құрылысы" мамандығы бойынша тәмәмдады. "Техника және технология" магистрі дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2008 жылы мемлекеттік емес құрылымдарда бастады. 2012 жылдан 2016 жылға дейін облыстың атқарушы органдарында түрлі лауазымда қызмет атқарып, сол жылы қызметін "Казстрой Инжиниринг ПВ" ЖШС директорлығына ауыстырды.
2017 - 2021 жылдар аралығында облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Шарбақты, Тереңкөл аудандары, Екібастұз, Павлодар қалалары әкімдерінің орынбасары лауазымдарын атқарды. 2021 жылы Ақсу қаласы әкімі аппаратына жетекшілік етті. 2021 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында облыстың құрылыс басқармасын басқарды. Сол жылдың тамыз айынан 2022 жылдың желтоқсанына дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болды. Соңғы сегіз айдан астам уақыт аралығында облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыс орталығына жетекшілік еткен Ержан Иманзайыпов қарамағындағылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті жұмыс жүргізбегені үшін қызметінен босатылған еді.