Павлодарда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қала көшелеріне 12 мың жарық диодты шам орнатылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобасын бір жылдан аса күттік, - дейді қала әкімі Нұржан Әшімбетов. - Бүгінгі күні 2 мың жарық диодты шам ауыстырылған. Жылдың соңына дейін барлығы жаңадан таиландтық шамдармен алмастырылады. Бұл жаңашылдық электр тұтынуды және көшені жарықтандыруға жұмсалатын шығынды кем дегенде 40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді".
Қалалық әкімдік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жеке сектордағы 14 көшеде жарықтандыру жүргізілген. Кенжекөл ауылында Ладожская көшесіне жарықтандыру бағаны құрылған. "ПРЭК" АҚ 457 тұрғын үйге 6 527 шам орнатқан.
Бұдан басқа, аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында қаладағы 103 құрылым түрлі жарық шашып тұратын шамдармен безендірілген.
Еске сала кетейік, өткен жылы құны екі миллиард теңгені құрайтын жобаны қолға алуға "Альтоком" ЖШС ниет білдірген. Сонымен қатар, жоба аясында Екібастұз қаласына 3498 жарық диодты шам және сыртқы жарықтандыруды автоматты түрде басқару жүйесінің 61 шкафы сатып алу жоспарланған. Жаңғырту жобасы 2018-2024 жылдар аралығында жеті жылға сенімгерлік басқаруға беріледі, 746,4 миллион теңге инвестиция тартылады.
Айта кетерлігі, аталмыш жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде тозығы жеткен натрий және сынап жарықшамдар әлемдік стандартқа сай заманауи шамдармен алмастырылады. Бұл жаңашылдықтың нәтижесінде қылмыс пен жол апаты көрсеткіші 5-10 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.